Футбол • 05 Қазан, 2017

Румыния-Қазақстан: кімнің асығы алшысынан түседі?

216 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Румыния мен Қазақстан құрамалары футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында күш сынасады.

Румыния-Қазақстан: кімнің асығы алшысынан түседі?

Сейсенбі күні Қазақстан Ұлттық құрамасының футболшылары мен жаттықтырушылар штабы Бухарест қаласына келді. Құрама футболшылары әуежайдан түсе салып, 2018 жылғы әлем чемпинатының іріктеу кезеңі аясындағы Румыния-Қазақстан матчы өтетін Плоешти қаласына ат басын тіреді.

Кеше қос құрама ойын алдындағы ашық жаттығу жиынын өткізді. Алғашқы болып Румыния құрамасының бас бапкері Космин Контра жергілікті және Қазақстаннан келген журналистердің сұрақтарына жауап берді.

«Бүгін Румыния бапкері ретінде тұңғыш матчымды Қазақстан құрамасына қарсы өткіземін. Бұл мен үшін маңызды ойын болмақ. Сондай-ақ матч Плоешти қаласында өтетіні жақсы болды. Өйткені, жергілікті командамен Румыния кубогын жеңіп алғанмын. Ертең де аталған қаладағы жеңісті жолымды жалғастырғым келеді», деді ол.

Космин Контраның Румыния құрамасына бас жаттықтырушы болып тағайындалғанына екі апта болса да, Қазақстан құрамасының футболшыларын зерттеп үлгерген екен. Журналистердің «Қазақстан футболшылары туралы не айтасыз?», деген сауалына: «Қазақстан өте жақсы құрама. Физикалық тұрғыда бірнеше мықты футболшыларыңыз бар. Ертеңгі ойында футболшыларыңыз бізге біраз қиындық тудыратыны анық. Біз барынша жоғары дәрежеде ойнап, ойынды өз бақылауымызға алуға тырысамыз. Егер, ертеңгі матчта жоспармызды жүзеге асыра алмасақ, онда біз үшін тосынсый болмақ».

Румыния құрамасы былтыр Астанада өткен кездесуде Қазақстанмен тең ойнаған болатын. Бас жаттықтырушы Контраның айтуынша, құраманың жеңіске жетуіне «Астана Аренадағы» жасанды алаң кедергі болған. «Былтырғы ойын Румыния үшін өте қиын болды. Құрама ол ойынға толық дайын болмағаны көрініп тұрды. Тағы бір айта кетерлігі, Астанадағы ойынға жасанды алаңның да кері әсері болды. Сондай-ақ Қазақстан құрамасының да өте жақсы ойнағанын айта кеткен жөн. Бүгінгі ойында біздің құрама жеңіске жетеді деп ойлаймын», деді бас жаттықтырушы.

Ал Румыния құрамасының капитаны жаңа бапкердің қарамағында және румын футболының жаңа дәуірін жеңіспен бастағысы келетінін айтады. «Құрамаға жаңа бапкердің келуі – жаңа өзгерістеді, жаңа бағытты алып келеді және ол футболымыздың дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Румыния футболының жаңа дәуірін жеңіспен бастауымыз қажет. 2018 жылғы әлем чемпионатына шыға алмасақ та, ФИФА рейтингінде жоғарылау үшін бүгінгі ойында жеңіске жетуіміз керек», деді ол.

Бұдан кейін Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюк журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ұлттық құраманың дайындығы туралы сөз алған Бородюк құрамадағы бірқатар тәжірибелі футболшылардың жарақат және ескерту қағаздарының көптігіне байланысты бүгінгі ойынға қатыса алмайтынын айтты. «Алдағы ойындарға қатыса алмайтын ойыншыларымыз бар. «Астанадан» Мужиков, Шомко, Мокин жарақаттарына байланысты ұлттық құрамаға көмектесе алмайды. Бізге жігіттердің денсаулығы маңыздырақ. Сондықтан олар өз клубтарында емделетін болады. Олардың тезірек жазылып кетуін тілейміз. Қосалқы құрамда бірнеше футболшымыз болған. Бірақ, өкінішке қарай олар да жарақат алып қалды. Сондай-ақ орталық қорғаныста сары қағаз иеленген ойыншыларымыз бар. Сондықтан осының бәрін жан-жақты ескердік. Бұдан бөлек, Георгий Жуковтың, Бауыржан Исламханның қатыса алмайтыны бізге қиындау болып тұр. Дегенмен бұл футбол екенін ұмытпайық. Мұнда бәрі де мүмкін. Негізгі құрамдағы ойыншылардың орнын өзге де жігіттер лайықты түрде баса алады. Ұлттық құрама жекелеген ойыншылардан емес, командадан тұрады», деп атап өтті А.Бородюк.

Мәлімет орнына айта кетсек, футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі «Е» тобында сынға түсіп жатқан Румыния және Қазақстан құрамалары былтыр елордадағы «Астана Арена» стадионында тұңғыш рет ойнап, тең есеппен тарқасқан.

Топтағы турнир кестесінде Қазақстан құрамасы екі ұпаймен соңғы орында келеді. Ал қарсыластарымыз Румыния құрамасы болса, тоғыз ұпаймен төртінші орында. Біздің команда топтағы соңғы ойынын 4-ші қыркүйек күні Польша құрамасына қарсы ойнап, 0:3 есебімен есе жіберген болса, Румыния футболшылары да өткен турда ұпай жоғалтты. Черногорияда өткен матчта олар 0:1 есебімен жеңілген. Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) рейтингінде Қазақстан құрамасы тамыз айындағы жағдаймен салыстырғанда 21 саты төмендеп, 126-орынға түсті. Ал Румыния құрамасы 41-орында келеді.

Сонымен, екі құраманың бас бапкері де, футболшылар да бүгінгі ойынға сақадай сай. Енді тек ойын басталғанын күтіп, ұлттық құрамамыздың жеңіске жеткенін тілейміз.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Румыния,

Бухарест

Сурет түсірген Ілияс Омаров